Түркістан облысында 14-полиция сыныбы ашылды
Түркістан облысында 14-полиция сыныбы ашылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Түркістан облысы полиция департаментінің бастығы Мұрат Қабденовтің тапсырмасына сәйкес, полиция мамандығының оң имиджін қалыптастыру мақсатында аудандардағы жалпы білім беретін мекемелерде ролиция сыныптары ашылуда. Осы ретте, бүгін Шардара ауданындағы М.Әуезов атындағы №1 жалпы орта мектебінде Шардара аудандық полиция бөлімінің «Жас сақшы» полиция сыныбы ашылды. Сынып Ішкі істер органдарында кызмет бабында қаза болған Ақдәулет Сандыбаев пен Асқар Жәрдембаевты еске алу мақсатында ашылды.
Салтанатты жиынға Түркістан облысы полиция департаментінің тәрбие және кадр жұмысы басқармасыны бастығының орынбасары Ерлан Шамшат, аудан әкімінің орынбасары Бауыржан Шомпиев, аудандық полиция бөлімі бастығының орынбасары Досан Қамшыбеков, мектеп ұжымы, ішкі істер органдары ардагерлері мен оқушылар қатысты.
Шарада Ерлан Шамшат өскелең ұрпаққа полиция мамандығының қоғамда алатын рөлі жайлы айта келіп, марқұм болған азаматтар туралы жылы естеліктерімен бөліскен соң, марқұм болған азаматтардың қызмет жолы туралы бейнероликтер көрсетілді.Жастарға патриоттық тәрбие беріп, олардың туған жеріне, Отанына деген сүйіспеншілігін, құрметін арттыруға арналған «Жас сақшы» полиция сыныбының ашылуына арналған іс-шарада 8-сыныптың 18 оқушысы ант беріп «Жас сақшы» қатарына қосылды.
«Жас сақшы» қатарына қосылған оқушыларға арнайы полицейдің нысанды киім үлгісі тігіп беріліп, сол арқылы жас өрендердің отан алдындағы жауапкершілігін арттыра түсті. Ал сынып бөлмесі ел игілігі жолында еңбек еткен полицейлерге арналған арнайы бұрышпен жабдықталды.