Түркістан облысында 40-қа жуық көлікке «сары нөмір» берілді
«Ризамыз, енді еш қорқыныш жоқ. Көлігімізді заңды түрде тіркедік. Ол үшін жарты сағатқа жетер жетпес уақыт және ең бастысы халықтың қалтасына қонымды 12 000 теңгеге жуық ақшаң болса болғаны. Көптен күткен жаңалық еді, енді іс жүзінде жүзеге асырылуда», – деп сары нөмір алған тұрғындар өз алғыстарын білдірді.
Еске сала кетейік, Армениядан әкелінген көліктерді 2020 жылдың 1 қыркүйегіне дейін тіркеуге болады. Ол үшін мемлекеттік алым төлейсіз. Үш төлем жасалады, олар: тіркеу үшін – 695 теңге, техникалық төлқұжат үшін баж – 3473 теңге және мемлекеттік нөмір үшін баж – 7778 теңге. Төлемнің жалпы сомасы 11946 теңгені құрайды.
Тіркеу Армения Республикасының уәкілетті органы берген тіркеу құжаттарында иесі ретінде көрсетілмеген тұлғаларға жүзеге асырылмайды.
Түркістан облысы полицейлері Армениядан әкелінген көлікті тіркеу ережелерін түсіндіру үшін мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығында Call-орталығы күн сайын сағат 09:00-ден 19:00-ге жұмыс істейтінін хабарлайды.