Түркістан облысында 46 мың құқық бұзушылықтың жолы кесілді
Түркістан облысында учаскелік инспекторлар 300 мыңға жуық үйді тексеріп, 46 мыңнан астам құқық бұзушылықтың жолын кесті, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Түркістан облысы өңірлік коммуникациялар қызметінің ұйымдастыруымен өткен брифингте полиция департаменті қоғамдық қауіпсіздік басқармасының аға инспекторы Дәурен Кемеров республикалық "Учаске" жедел-профилактикалық іс-шарасының нәтижелері туралы баяндады.
Аталған іс-шара 1 қыркүйек пен 1 желтоқсан аралығында өткізіліп жатыр. Оған 1000-нан астам полиция қызметкері мен мемлекеттік органдар мен қоғамдық құрылымдардың 76 өкілі тартылған.
– Шараның алғашқы екі айының қорытындысы бойынша жұмыс топтары 300 мыңға жуық көпқабатты және жеке тұрғын үйлерді аралап, 812 саяжай алқабын, 2316 шаруа қожалық пен қыстақты тексерді. Нәтижесінде тұрғылықты мекенжайы жоқ бірқатар азамат анықталып, олар ішкі істер органдарының қабылдау-тарату орындарына орналастырылды, – деді Дәурен Кемеров.
Сонымен қатар полицейлер ішкі істер органдарының есебінде тұрған тұлғаларды да бақылаудан өткізді. Атап айтқанда мерзімінен бұрын шартты түрде босатылған 242, әкімшілік қадағалаудағы 46, ерекше талап қойылған 198, қорғау нұсқамасы шығарылған 414, сондай-ақ пробация қызметінің бақылауындағы 1687 адамға тексеру жүргізілді.
Азаматтық қаруды сақтау ережесін бұзған және рұқсат мерзімі өтіп кеткен 124 тұрғынға қатысты әкімшілік шара қолданылды.
Бұдан бөлек, рейд барысында есірткіні насихаттайтын 83 граффити-жазба анықталып, жойылды. Жалпы облыс көлемінде 46 мыңнан астам әкімшілік құқық бұзушылық дерегі тіркеліп, заң талаптарын бұзған азаматтар жауапкершілікке тартылды.
Облыстық полиция департаменті тұрғындарды "Заң мен тәртіп" қағидатын берік ұстануға, қоғамда тәртіп пен қауіпсіздікті сақтауға және құқық бұзушылықтарға жол бермеуге шақырады.
