Түркістан облысында 500 мыңға жуық оқушыға жол қауіпсіздігі бойынша сабақ өткізілді
Түркістан облысында 500 мыңға жуық оқушыға жол қауіпсіздігі бойынша сабақ өткізілді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Полиция департаментінің бастығы Мұрат Қабденов Білім күнін мектеп оқушыларымен бірге қарсы алып, оларға жаңа оқу жылында сәттілік тіледі.
Облыстың бас полицейі №28 мектепке ат басын бұрып, кіреберістен бастап оқушылардың қауіпсіздігі үшін жасалған жұмыстарды тексеріп шықты. Оқу ордасына кіріп-шығу үшін арнайы жасалған балалардың алақаны сканерленген құрылғы мен “SOS” батырмасының қызметін қадағалады.
Сонымен қатар мектеп мұражайын аралады. Одан әрі мерекелік іс-шараға қатысып, оқушыларға ақ тілегін жеткізіп.
– Осы сәтті пайдалана отырып, жол жүрісі қағидаларын сақтауды, бейтаныс адамдармен қарым-қатынас жасамауды, түнгі уақытта жүрмеуді ескерткім келеді. Бүгінгі күннің мәселесі болып отырған құмар ойындарға мүлдем жоламауға шақырамын. Полицей аға-әпкелеріңіз сіздердің әрқайсыларыңыздың достарыңыз, қорғаушыларыңыз, сондықтан бізге сеніңіздер! Тәртіпті болыңыздар! Білім күні құтты болсын, – деді өңірдің бас полицейі.
Сондай-ақ сыныптарды аралап, оқушылармен тілдесті. Олармен сурет салып, дайындаған өнерлерін тамашалады.
Айта кетсек, алғашқы қоңырау мерекесіне орай рейдтік-профилактикалық шараға облыс бойынша 1200-ге тарта полиция қызметкері мен 127 қызметтік автокөлік жұмылдырылды. Жалпы, Түркістан облысында 1060 мектеп бар, ондағы оқушы саны – 479 899. Оның ішінде мектеп табалдырығын енді аттаған бірінші сынып оқушысы 52 мыңға жуық. Аталған кішкентай достармен ҚР ІІМ-нен арнайы келген “Полиция және балалар” тақырыбындағы дайын эскиздерді бояу жұмыстары жүргізілді. Бұл боялатын суреттерде қоғамдық орындағы қауіпсіздік қимылдары бейнеленген. Полицейлер бірінші сынып оқушыларымен осы суреттерді түрлі-түске бояп, түсіндірме сабақтарын өткізді.
Бала қауіпсіздігі – басты орында екенін ескерген түркістандық полицейлер жыл бойы балалардың амандығы үшін қорғаныс шебінде қызметте болады.