Түркістан облысында әйелдерге қарсы жасалған қылмыс саны азайды
Түркістан облысында әйелдерге қарсы жасалған қылмыс саны азайды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» атты Жолдауында қоғамдағы зорлық-зомбылық деңгейін төмендету үшін жүйелі шаралар қабылдану керектігі айтылды. Ал Түркістан облысының полицейлері отбасында орын алатын тұрмыстық қатынастармен күресуді күн тәртібінен түсірген емес. Осы мақсатта түркістандық әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының инспекторлары Түркістан облысы Полиция департаментінің азаматтарды қабылдау кеңсесінде ашық есік күнін өткізді.
Іс-шараға 10-ға тарта қыз-келіншек келіп, полицейлерге өздерінің отбасы-тұрмыстық саласына қатысты сауалдарын қойып, ұсыныс-пікірлерін жеткізді. Яғни, ашық есік күніне келген бес әйелге психологиялық-құқықтық кеңес беріліп, екі әйелдің жұбайларына қатысты қылмыстық іс қозғау шаралары атқарылды.
Сондай-ақ отбасында жақын адамдарынан зорлық-зомбылық, қысым көріп жүрген әйелдерді қорғаушы полицей арулар, түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Тұрғындарға қысым көрген жағдайда не істеу керектігі жөнінде мәліметтер, кеңестер жазылған брошюралар таратты.
Түркістан облысындағы зорлық-зомбылықпен күресуші инспекторлар отбасындағы тұрмыстық зорлық-зомбылық жөнінде бірқатар ауқымды шараларды іске асыруда.
Мысалы, облыста әйелдерге қарсы жасалған қылмыстар 573-тен 501-ге азайған. Әйелдермен орын алған қылмыстар 90-нан 115-ке артқан. Отбасы-тұрмыстық қатынаста жасалған қылмыстар 3-тен 5-ке көбейген. Сондықтан бүгінде аталған жайттарды азайту шаралары қарқынды атқарылуда.
Жыл басынан бері Түркістан облысы Полиция департаменті құрылымдарының учаскелік полиция инспекторларымен тұрмыста құқық бұзған 1 394 адамға қатысты қорғау нұсқамасы шығарылды. 236 адамға қатысты мінез-құлқына сотпен ерекше талап белгіленіп, профилактикалық жұмыстар атқарылды. Құқық бұзушылыққа бейім 267 кәмелетке толмаған және бала тәрбиесіне немқұрайды қарайтын 178 ата-ана қолайсыз отбасы ретінде есепке алынды.
Түркістандық полицейлер отбасында қандай да бір қысым көрсеңіз, зорлықтың куәсі болсаңыз, бірден 102 нөміріне немесе +7 725 33 5 85 80 сенім телефонына хабарласуды ескертеді. Сонымен қатар, Түркістан облысы «Сенім-Ай» қоғамдық бірлестігінің «Көмек» дағдарыс орталығы да тегін қызмет көрсетеді. Бұл орталықтарда сізге тегін құқықтық, медициналық кеңестер беріледі. Сонымен қатар полицейлер әйелдерді және балалардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша 111 шұғыл қызметіде үзіліссіз жұмыс жасайтынын еске салады