Түркістан облысында әйелдерге қорғау нұсқамасы шығарылды
Түркістан облысында әйелдерге қорғау нұсқамасы шығарылып, түсіндірме жұмыстары жүргізілуде, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Облыс аумағында «Зорлық-зомбылықсыз 16 күн!» акциясы өткізілуде. Аталған акция аясында Түркістан ҚПБ ЖПҚБ Әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының инспекторы Әселхан Божикенова іс-шара ұйымдастырды.
Оған Түркістан облысы ПД ЖПҚБ ӘЗЗҚ тобының аға инспекторы Жанар Қалабаева, «Заң талабы» құқық қорғау орталығы қоғамдық бірлестігінің заңгері Шахрух Қадыркулов және психолог Ақбота Хамит, Түркістан қаласы №17 Ататүрік мектеп-гимназиясының ұстаздары қатысты. Кездесу кезінде отбасындағы зорлық-зомбылықтың алдын алу, болдырмау мәселелері талқыланды. Әрбір әйелдің құқықтары бойынша кең көлемде түсіндірме жұмыстары атқарылды. Халықты ақпараттандыру мақсатында, облыс орталығының тәртіп сақшыларымен қоғамдық орындарда 30-ға жуық жаднамалар таратылды. Аталған шара облыстың басқа да аудандарында өткізілуде.
Мәселен Бәйдібек аудандық ПБ Жергілікті полиция қызметінің Әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықтан қорғау тобының инспекторы Айкерім Сүйеубекова, аудандық жастар ресурстық орталығы «Әлеуметтік психологиялық сүйемелдеу сектор қызметінің» психологі П.Мүтәлі, Әжелер алқасының төрайымы Ә.Әлиева, аудандық мәслихат депутаты Ж.Бауыржанқызы аурухана психологтарымен бірлесіп, мектептерде сегіз рет дөңгелек үстел өткізген. Сонымен қатар 20 мектепке барып, оқушылар мен ата-аналар арасында түсіндірме жұмыстарын жүргізген.
Мұғалімдер арасында тренинг сабақ берген. Аудан көлемінде акция кезінде отбасы-тұрмыстық саласында орын алған зорлық-зомбылық бойынша жеті адам арыз жазса, оның жетеуіне де қорғау нұсқамасы толтырылған. Ал сенім телефонына хабарласқан екі жанға заңгерлік кеңес берілген. Бұл бағыттағы жұмыстар полицейлер тарапынан алдағы уақытта да атқарыла бермек.