Түркістан облысында алаяқ әйел ауылдасын 400 мың теңгеге сан соқтырды
Түркістан облысында алаяқ әйел ауылдасын 400 мың теңгеге сан соқтырды, – деп хабарлайды Polisia.kz
Сайрам аудандық Полиция басқармасына жергілікті тұрғын арызданды. Ер адамның айтуынша, оның танысы мемлекет тарапынан 550 мың теңге әлеуметтік жәрдемақы алып беремін деп сендірген. Әбден сенімге кірген ол жәбірленушіден 400 мың теңге ақша алған. Алайда уәде бергеніне бір жылдан аса уақыт өтсе де, уәдесін орындамаған.
Аталған жайтты полиция қызметкерлері ҚР ҚК-нің 190-бабы (Алаяқтық) бойынша тіркеуге алды.
Хабар келіп түскен бойда тәртіп сақшылары қылмысты ашу үшін қажетті шараларды жүзеге асырды. Жедел-іздестіру жұмыстары барысында қылмысқа қатысы бар күдікті анықталды. Ол бұрын сотты болған жергілікті тұрғын екен.
Белгілі болғандай, күдікті әйел жәбірленушіден алған ақшаны жаратып жіберген. Қазіргі таңда күдіктіге қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.