Түркістан облысында ардагер полицейлерге құрмет көрсетілді
Түркістан облысының полиция басшылығы мен ішкі істер органдарының ардагерлер алқасы бірлесіп, ардагер полицейлерге құрмет көрсетті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Тәрбие және кадр жұмысы басқармасы бастығының орынбасары Ерлан Шамшат, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Оспанғазы Жанқожаев және қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Батырхан Сансызбаев зейнетке шыққан ардагерлердің шаңырағына барып, хал-жағдайларын біліп қайтты.
ІІО-ның Құрметті ардагері отставкадағы полиция полковнигі Есалы Нұржанов, отставкадағы полиция полковнигі Абдулла Кенжегулов, полиция майоры Ералы Баймурзаев және ардагер полиция аға лейтенанты Қыдырәлі Копбаевтың шаңырағында болған әріптестері олардың еткен еңбектерін бағалап, департамент бастығының атынан алғыс хат пен сый сияпаттарды табыс етті.
Еліміздің өсіп-өркендеуіне, тұрғындардың бейбіт, тыныш өмір сүруіне және еңбектің зейнетін көріп отырған шақта әр ұрпаққа игілік пен ізгіліктің, пайым-парасаттың үлгісін танытып, өсіп келе жатқан жас мамандарды тәрбиелеуде және құқық қорғау саласына зор үлес қосқаны үшін алғыс хатпен марапатталған ардагер ағалар департамент бастығы Мұрат Қабденовке өздерінің риясыз алғыстарын білдіріп, қызметте өрлеу тіледі.