Түркістан облысында ардагерлер жас полицейлерге алғашқы қызметтік куәліктерін табыстады
Түркістан облысында ардагерлер жас полицейлерге алғашқы қызметтік куәліктерін табыстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Түркістан облысы полиция департаментінде ІІО ардагерлерімен тағылымды кездесу өтті. Кездесуде ішкі істер саласында өзіндік ізін қалдырған, абыроймен зейнетке шыққан Түркістан облысы ІІО және Ұлттық ұлан ардагерлері кеңесінің төрағасы Оспанғазы Жанқожаев, сондай-ақ ІІО еңбек сіңірген ардагерлері Есалы Нұржанов, Шаймерден Айтпенбетов, Батырхан Сансызбаев, Бауыржан Исаев, Кенжебай Жақсылықов, Рахматулла Кенжеғұлов, Әбсемет Амантұров және Бейсенбек Қасымбеков болды.
Өскелең ұрпаққа берері мол шараға Түркістан, Кентау, Отырар және Сауран аудандық полиция бөлімдеріне қызметке кірген жас полицейлер мен олардың тәлімгерлері қатысты.
Басты мақсат - тәлімгерліктің рөлін нығайту, оң имиджді қалыптастыру және азаматтардың полиция қызметіне деген сенімін арттыру.
"Менің тәлімгерім – менің мақтанышым!" тақырыбындағы кездесуде қатысушыларға жастардың құқықтық тәртібі мен патриоттық тәрбиесін қолдаудың маңыздылығы, сондай-ақ тәжірибеге бай ардагерлердің жас қызметкерлермен өзара іс-қимылы атап өтілді. Бұл кездесу кәсіби деңгейді арттыруға және ұрпақтар сабақтастығын нығайтуға ықпал етеді.
Сондай-ақ іс-шарада ІІО ардагерлері алғашқы кәсіптік даярлықтан өткен жас полицейлерге грамоталар мен алғашқы қызметтік куәліктерін табыс етті.
Кездесу соңында ІІО ардагерлері, тәлімгерлер мен жас полицейлер естелікке суретке түсті.