Түркістан облысында азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру мақсатында қоғамдық қабылдау өткізілді
Түркістан облысында азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру мақсатында қоғамдық қабылдау өткізілді, — деп хабарлайды Polisia.kz.
"Заң мен тәртіп" қағидатын іске асыру аясында облыс орталығы аумағында полиция, прокуратура және басқа да мекеме өкілдерінің қатысуымен қоғамдық қабылдау өтті.
Бұл іс-шара – азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыруға және көмек сұрағандарға қолдау көрсетуге бағытталған. Сондай-ақ халықпен өзара іс-қимыл жасау үшін маңызды қадам.
Кездесу барысында азаматтарға жер дауы, тұрғын үйге және әлеуметтік көмек сияқты түрлі мәселелер бойынша құқықтық көмек көрсетілді. Тұрғындардың күнделікті өмірінде кездесетін өзекті мәселелерге ерекше назар аударылды.
Бұл шарада Түркістан облысы полиция департаменті жергілікті полиция қызметі басқармасының отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес бөлімінің қызметкерлері де азаматтарды қабылдады.
Тәртіп сақшылары отбасындағы қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері бойынша құқықтық көмек көрсетті. Кездесудің кейбір қатысушылары түнгі тәртіпті бұзатын кәмелетке толмағандарға бақылауды күшейту қажеттігін атап өтті. 30-дан астам азамат полиция инспекторларына жүгінді. Құқық қорғау органдарының тұрғындармен кездесуінің басты мақсаты - құқықтық нормаларды түсіндіру және заң тұрғысынан көмек көрсету.
Полицейлер мұндай іс-шараларды өткізу полиция мен халық арасында сенімді қарым-қатынас орнатуға мүмкіндік беретінін атап өтті. Бұл өз кезегінде құқықтық тәртіп деңгейін арттыруға және қауіпсіз қоғам құруға ықпал етеді.