Түркістан облысында азаматтығы жоқ төрт мыңнан астам шетелдік есепке қойылды
Түркістан облысында азаматтығы жоқ төрт мыңнан астам шетелдік есепке қойылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Түркістан облысының Полиция департаменті Көші-қон қызмет басқармасының қызметкеркерлері осы саланы өрге сүйреп келеді. Облыс аумағында заңсыз көші-қонның алдын алу, елдегі шетел азаматтарының құқықтық тәртібін бақылап, құқық бұзушылыққа жол бермеу, көші-қон заңнамасында көрсетілген міндеттерді жүзеге асыру сынды жұмыстарды тыңғылықты атқарып келеді.
Қазіргі таңда Түркістан облысы ПД Көші-қон қызметі басқармасының басшылық қызметін Есенғали Бейсебаев абыроймен атқаруда. Бұдан бөлек бұл басқармадағы Қайрат Жүнісбеков, Ауезбек Мырзабаев, Руслан Бейсалиев, Нұрым Абдуалиев, Бекарыс Игисинов, Зарина Абылаева, Руслан Оспан, Бауыржан Бекбаев, Камила Бердиева, Лаура Ауелбекова, Асқар Мақанов және Ақнұр Шырынбекова нағыз өз ісінің мамандары.
Түркістан шаһары облыс орталығына айналғалы келуші шетел азаматтарының саны күрт өсті десек те болады. Ал олардың елдегі жүріп-тұру тәртібін, қауіпсіздігін бақылап отыру өте маңызды.
Соңғы үш айда түркістандық көші-қон қызметкерлері заңнамаға сәйкес, облыс аумағынан азаматтығы жоқ 4 115 шетелдікті анықтап, есепке қойған. Көпшілігі Өзбекстан, Ресей, Қырғызстан елінің азаматы. Ал осы уақыт ішінде республиканың көші-қон заңдылығын бұзған жалпы 2 641 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
Бұдан бөлек, көші-қон қызметі алимент төлеушілерді, борышкерлерді іздеу, халықты құжаттандырып,тіркеу және Қазақстан Республикасының азаматтығына қабылдау жұмыстарын іске асырады. Осыған орай жұмыстың жан-жақтылығына байланысты Көші-қон қызметі прокуратура, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің облыстық департаментімен, шекара қызметімен, Еңбек және әлеуметтік қорғау департаментімен, экстремизм, жергілікті полиция қызметі және Криминалдық полиция басқармасымен бірлескен іс-шараларды жүйелі түрде өткізіп отырады.
Халықты құжаттандыру, тіркеу жұмыстарын жүзеге асыру барысында биылғы жыл басталғалы 48 680 азаматқа жеке куәлік немесе төлқұжат алуға бірінші нысандағы арыздар рәсімделген. Ал төлқұжат немесе тіркеу ережелерін бұзған 1 801 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
Осы жылдан бастап Көші-қон қызметі басқармасының қызметкерлері Қазақстан Республикасының азаматтығына қабылдау жұмыстарын да қарқынды жүргізді. Аз ғана уақыт ішінде азаматтыққа қабылдауға 381 шетелдік пен азаматтығы жоқ адамдар тұрақты тіркелген екен. Ал бұл бойынша 701 адам арызданған. Қазір бұл өтініш, арыздардың барлығы қаралып, анықталу үстінде.