Түркістан облысында балалар лагерінде есірткіге қарсы акция өтті
Түркістан облысында балалар лагерінде есірткіге қарсы акция өтті, — деп хабарлайды Polisia.kz.
Түркістан облысы полиция департаменті есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы облыстық әкімдікпен және есірткі құқық бұзушылықтың алдын алу жөніндегі кеңес мүшелерімен бірлесіп Төлеби ауданындағы "Алатау" балалар лагерінде балаларға арналған акция өткізді. Сондай-ақ акция барысында спорттық жарыс пен кинологтардың көрмесі өткізілді.
Шараның негізгі мақсаты — жас ұрпақты есірткінің зиянды әсерінен қорғау және заңсыз әрекеттердің салдары қаншалықты ауыр болуы мүмкін екенін түсіндіру. Есірткі салдарынан туындаған құқық бұзушылықтардың зардабын көрсету үшін есірткіні жасырын тасымалдаушыны ұстау бойынша театрландырылған қойылым ұсынылды.
Сахналық қойылым балаларға үлкен әсер қалдырып және оларды есірткіге байланысты өмірдің қалай аяқталуы мүмкін екендігіне көз жеткізетін тұщымды ой салды. Шараның ұмытылмас сәттерінің бірі тыйым салынған заттарды кәсіби түрде іздеп және оны табатын иттердің іс-әрекеті болды. Сонымен қатар кинолог мамандардың шеберлігі балаларды таң қалдырды.
Кездесу соңында полицейлер спорттық жарыс қорытындысы бойынша жүлделі орындарға ие болған жастарға бағалы сыйлықтар мен грамоталар табыс етті. Бұл шара қоғамдағы нашақорлық деңгейін төмендетуге және салауатты өмір салтын қалыптастыруға бағытталған.