Түркістан облысында базарда ұялы телефон ұрлаған әйел ұсталды
Түркістан облысында базарда ұялы телефон ұрлаған әйел ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Арыс аудандық полиция бөліміне базарда мектепке қажетті құрал-жабдықтар сататын әйел арыз түсіреді. Ол дүкеніндегі сөрелердің бірінде дәптерлер арасында тұрған ұялы телефонын белгісіз біреу жымқырып кеткенін жеткізді. Аталған жайт ҚР ҚК-нің 188-бабы (Ұрлық) бойынша тіркеуге алынды. Орын алған ұрлық қылмысын ашып, күдіктіні анықтау мақсатында полицейлер бірден оқиға орнына жетті. Көрген-білгендерден жауап алып, сол маңдағы бейнебақылау камераларын мұқият қарап шықты.
Осылайша камерадан белгісіз әйелдің телефонды алған сәті табылып, тәртіп сақшылары оның жеке-басы мен тұрғылықты мекенжайын анықтауға кірісті. Нәтижесінде бір тәулік ішінде күдікті анықталып, ұсталды. Ол жергілікті тұрғын болып шықты. Белгілі болғандай адам көптігін, сатушының байқамай тұрғандығын пайдаланған әйел, арам ойдың жетегінде осындай теріс әрекетке барған. Қазіргі таңда телефон заңды иесіне қайтарылып, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Тізбектей беретін болсақ, ұялы телефон ұрлығы жайлы деректер өте көп.
Мұндай ұялы телефон ұрлығы көбіне қоғамдық жерлерде: қоғамдық көлікте, асханада, базарларда, адам көп шоғырланатын орындарда тіркеледі.
Сондықтан қалта ұрыларына телефоныңызды ұрлатып алсаңыз, бұл жағдайда не істеу керектігі жөнінде бірер кеңес бере өтсек: 1) Полицияның көмегіне жүгініңіз. Телефонға қатысты барлық құжаттарыңызды алып, тез арада бөлімшеге барыңыз! 2) Абоненттік құрылғыңызды бұғаттайтын ІМЕІ кодыңызды біліңіз! 3) Нөміріңізді өшірту үшін, ұялы байланыс операторларына хабар беріңіз! 4) Сақтықта қорлық жоқ, банктік картаңыз бен әлеуметтік желідегі парақшаларыңызды құлыптаңыз! 5) Қолданған ұялы телефондарды сату бойынша жақын арадағы нүктелерді көріп шығыңыз!
Бұл сізге керек болады-ау деген жаднамалар. Дегенмен, мүмкін болса, өз мүлкіңізді, әмияныңызды мұқият, ұқыпты ұстаңыз. Көпшілік орында, немқұрайлылық танытып телефоныңызды балаңызға бере салмаңыз. Ұялы телефоныңызды артқы қалтаға, аузы ашық сөмкеге сала салмаңыз. Ұрылардың арам пиғылына тосқауыл қойыңыз!