Түркістан облысында бейнебақылау камераларының жұмыс сапасына қатысты кездесу өтті
Түркістан облысында бейнебақылау камераларының жұмыс сапасына қатысты кездесу өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Бейнебақылау камералары – құқық бұзушылық пен қылмыстың алдын алуға, сонымен қатар қадағалауға пайдасы зор. Бұл камералар полиция қызметкерлерінің жұмыстарын жеңілдетіп, тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Себебі осы көмекші құрал арқылы іздеген жоғын табады, ұрының жолы кесіледі.
Осы тұрғыда Түркістан облысы әкімдігінің кіші мәжіліс залында жиын өтті. Бұл шараға Түркістан облысы Полиция департаменті Жедел басқару орталығының бастығы Сәбит Бахтығалиев, Ақпарат және байланыс басқармасының бастығы Дмитрий Буташев және Түркістан қаласы әкімі аппаратының цифрландыру бөлімінің басшысы Аширхан Абдихадиров, облыс әкімдігінің цифрландыру, мемлекеттік қызметтер көрсету және архивтер басқармасының басшысы Елнұр Рахымбердіұлы, «Көркем Телеком» ЖШС Абзал Саттаров қатысты.
Жиналғандар бейнебақылау камераларының тиімділігі мен болашақта азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша қойылатын бейнебақылау камералары туралы кеңінен талқылап, зерделеді. Одан бөлек Жедел басқару орталығына қосылған 1035 бейнебақылау камераларының жұмыс тиімділігін тексерілді.
Айта кетсек, облыс бойынша 1303 бейнебақылау камералары орнатылып, оның 1035-і Жедел басқару орталығына қосылған. Қазіргі таңда 81 камера істен шығып, жөндеу жұмысына берілді. Сонымен қатар, «Сергек» камераларын қосымша қою туралы шешім қабылданды.
Ал облыс орталығы – Түркістан қаласында 56 «Пелко» бейнебақылау камерасы орнатылған. Бүгінде қасиетті өңірімізге келушілер саны жыл сайын көбейгендіктен және жаңа мөлтек аудандардың құрылуына байланысты бейнебақылау камераларын арттыру жұмысы басты орында. Осыған байланысты камераларды қажетті аумақтарға қою жұмысы қарастырылуда. Жиналыс соңында Полиция департаменті мен әкімдік қызметкерлері бейнебақылау камераларының жұмысы бойынша кездесулер ұйымдастырып, жұмысты жандандыруға уағдаласты.