Түркістан облысында бір үйге бірнеше рет ұрлыққа түскен мал ұрысы қолға түсті
Түркістан облысында бір үйге бірнеше рет ұрлыққа түскен мал ұрысы ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Отырар ауданы ПБ кезекші бөліміне жергілікті тұрғынның бірі мал ұрлығының құрбаны болғандығы жөнінде арызданып келген. Онда өз үйінің ауласындағы қорадан үш бас тоқтысын ұрлап, жалпы құны 100 мың теңгеден астам шығын келтіргенін көрсеткен.
Аталған дерек ҚК 188-1-бабы (Мал ұрлығы) қылмыстық құқық бұзушылығы бойынша СДТБТ-ға тіркелді.
Хабарлама түскен мекенжайға ұрлық қылмысын ашу мақсатында жедел-тергеу тобының қызметкерлері шықты. Тәртіп сақшылары қылмыс орнын тексеріп, аулаларды аралап, куәлардан жауап алды. Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде, полиция қызметкерлерінің күшімен қысқа уақыт ішінде мал ұрлаған күдікті анықталды. Қазіргі таңда аталған жайтқа байланысты күдікті ер азамат қамауға алынып, тергеу амалдары жүргізілуде.
Белгілі болғандай, күдікті жәбірленушінің үйіне қараша айынан бері төрт рет ұрлыққа түскен. Осылайша бес бас қойды ұрлап, жалпы 175 мың теңге шығын келтірген. Күдікті ер адам ұрланған малдардың жартысын мал базарға, қалғанын ауыл тұрғындарына сатып жіберген. Ал ақшаны өз қажеттілігіне жұмсаған.
Түркістан облысының полицейлері мал иелеріне қырағылық танытуға және әсіресе түнгі уақытта мүліктің сақталуына шаралар қолдануға кеңес береді. Үй малын таңбалау және сырғалау мал ұрлығына да кедергі болуы мүмкін. Сондықтан малыңыз жоғалған жағдайда өз бетіңізше іздеуге уақыт жұмсамай, полицияға жүгінгеніңіз жөн.