Түркістан облысында бірнеше көлік соқтығысты: адам шығыны бар
Түркістан облысында бірнеше көліктің қатысуымен жол-көлік оқиғасы болды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
17 наурызда шамамен сағат 07.50-де Сарыағаш АПБ-ға ауыр жүк көлігінің қатысуымен орын алған жол-көлік оқиғасы бойынша хабарлама келіп түскен. Ақпарат алысымен оқиға орнына полицейлер жедел жетті. Тәртіп сақшылары жол апаты болған аумақты мұқият қарап, тиісті тексеру жұмыстарын жүргізді.
Анықталғандай, Сарыағаш ауданы Еңкес ауылынан өтетін республикалық маңызы бар Жетісай – Жібек жолы тас жолының 201 км шақырымында Келес ауданы бағытынан Сарыағаш қаласы бағытына қарай жүріп келе жатқан Nissan Urvan көлігі жол қозғалысы ережесін өрескел бұзып, қарама-қарсы бағытқа шығып кеткен.
Салдарынан Литва Республикасына тиесілі MAN жеңіл көлік жүк көлігіне соқтығысқан. Сол мезетте өз бағытымен келе жатқан AUDI A6 көлігі Nissan Urvan көлігінің артқы бөлігіне соғылған.
Соқтығыстың салдарынан Nissan Urvan көлігінің жүргізушісі оқиға орнында қайтыс болды. Ал AUDI A6 жүргізуші ауыр дене жарақаттарын алып, Сарыағаш аудандық орталық ауруханасының жансақтау бөліміне түсті. Жүк көлігінің жүргізушісін медициналық сараптамадан өткізу кезінде оның спирттік ішімдік ішпегені анықталды.
Сарыағаш АПБ полицейлері аталған жайтты бірден ҚР ҚК-нің 345-бабы 3-бөлігімен (Көлiк құралдарын басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын бұзуы) тіркеді.
Қазіргі таңда бұл жайтқа байланысты тиісті сараптамалар тағайындалды. Оқиғаның толық мәнжайы анықталу үстінде. Жол-көлік оқиғасындағы үш көлік айыптұраққа қойылды.