Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Түркістан облысында бірнеше мал ұрлығына қатысы бар қылмыстық топ ұсталды

Түркістан облысында бірнеше мал ұрлығына қатысы бар қылмыстық топ ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Түркістан облысы Полиция департаментінің криминалдық полиция қызметкерлері Келес ауданының аумағында ірі қара мал, жылқы және қой ұрлығымен айналысқан қылмыстық топты ұстады. Мал ұрылары жергілікті тұрғындардың жайылымдары мен қора-жайларынан 18 бас малды ұрлап кеткен.

– Ағымдағы жылдың тамыз айында полицияға Келес ауданының тұрғыны арызданып, белгісіз біреулердің өзіне тиесілі төрт сиыр мен екі бұзауын ұрлап кетіп, миллион теңгеден астам шығын келтіргені туралы хабарлаған. Аталған жайтты полиция қызметкерлері ҚК-нің 188-1-бабы (Мал ұрлығы) бойынша СДТБТ-ға тіркеп, күдіктілерді іздеуге кірісті. Осыған байланысты Түркістан облысы Полиция департаментінде ұрлық жасаған адамдарды анықтауға және ұстауға бағытталған арнайы топ құрылды. Оның қатарында тәжірибелі жедел уәкілдер мен учаскелік полиция инспекторлары бар. Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында біз осы қылмыстардың барлығына бір қылмыстық топтың қатысы болуы мүмкін екенін болжап, жан-жақты тексеру жұмыстарын жүргіздік. Екі ай бойы үзіліссіз атқарылған іздестіру шараларының нәтижесінде, жедел уәкілдер қылмыстық топтың ізіне түсті. Осылайша, қылмысқа күдікті ретінде 6 ер адамды анықтап, ұстадық. Оның ішінде екеуі мал ұрласа, екеуі ұрланған малдарды сатып отырған, ал қалған екеуі бөтеннің малын тасымалдаған жүргізуші екені айқындалды. Ұсталғандардың барлығы Түркістан облысының тұрғындары, олардың бесеуі бұрын түрлі қылмыстар үшін сотты болған. Қылмыстық топтың тағы бір сыбайласы іздестірілуде, – деді Түркістан облысы Полиция департаменті бастығының орынбасары Құрманбек Сахов.


Анықталғандай, ұрылар жергілікті тұрғындардың жайылымдарда қараусыз қалған және қорада тұрған төрт түлігін жымқырып, жүк көліктерімен артып әкетіп отырған.  Содан кейін олар ұрланған малды арзан бағамен сатып, жеңіл жолмен келген ақшаны өзара бөліп алған. Күдіктілердің жалпы көлемі 3,5 млн теңге болатын 4 жайт мал ұрлығына қатысы барын анықталды. Бұл деректерде екі жылқы, сегіз сиыр және сегіз қой ұрланған.

– Қазіргі уақытта аталған жайттар бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Күдіктілердің мал ұрлығының басқа да деректеріне қатысы бар-жоғы тергеу барысында анықталатын болады, – деп атап өтті Қ.Сахов.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру