Түркістан облысында браконьерлерден 125 келіден астам балық тәркіленді
Түркістан облысында браконьерлерден 125 келіден астам балық тәркіленді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жыл сайын елімізде су айдындарында су жануарларының көктемгі көбейіп, уылдырық шашатын мезгілінде балық аулауға тыйым салынады. Мұндай шектеу қою Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі Орман және жануарлар дүниесі комитеті төрағасының арнайы бұйрығымен бекітілген. Атап айтсақ, тыйым салу уақыты 1 сәуірден маусым айына дейін жалғасады.
Осыған байланысты Түркістан облысы Полиция департаментінің бастығы Мұрат Қабденов жеке құраммен алдын ала әрекет етуді қолға алды. Көктем шығып, оңтүстік өңірде ерте күн жылынатын болғандықтан, балық аулаушылар көбейетінін ескерген облыстың бас полицейі Түркістан облысы ПД Жергілікті полиция қызметі басқармасы мен Криминалдық полиция басқармаларының тәжірибелі тәртіп сақшыларынан арнайы жедел топ құрды. Оларға қоғам белсенділері мен еріктілер де қосылды. Аталған топ мүшелері облыс көлемінде балық аулауға арналған орындарға рейдтік-профилактикалық іс-шаралар өткізуді бастап кетті.
Мәселен, қызметке кіріскен мониторингтік топ мүшелері бір тәуліктің өзінде Шардара су қоймасының екінші учаскесі аумағынан таңғы сағат 05:30 шамасында кетіп бара жатқан күмәнді Audi көлігін байқап, тоқтатты. Көлікті тінту кезінде оның жүксалғышынан үш қапқа салынған жаңа ауланған балықтарды тапты. Осылайша заңсыз балық аулаған жездесі мен қайын інісі болып шықты.
Айғақты зат ретінде браконьерлерден 125 келіден астам балық, мата ау торы мен бір қайық тәркіленіп алынды. Полиция қызметкерлері күдіктілерді істің барлық мән-жайын анықтау үшін аудандық полиция бөліміне жеткізді.
Қазіргі уақытта аталған жайтқа қатысты ҚР ҚК-нің 335-бабы (Балық ресурстарын, басқа да су жануарларын немесе өсімдіктерді заңсыз аулау) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.