Түркістан облысында бұрын сотты болған шетелдік тағы да ұрлық жасады
Түркістан облысында бұрын сотты болған шетелдік тағы да ұрлық жасады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жетісай аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғын хабарласып, өзіне тиесілі дәмханасына ұры түскенін айтып, арызданды. Яғни, жәбірленуші арызында белгісіз біреудің үстел үстінде тұрған қол сөмкесінен алтын сақина мен телефонын жымқырып кеткенін көрсеткен. Аталған жайт ҚР ҚК-нің 188-бабы (Ұрлық) бойынша тіркеуге алынды.
Орын алған ұрлық қылмысын ашу мақсатында Жетісай АПБ-нің тәжірибелі қызметкерлерінен жедел-тергеу тобы құрылып, күдіктіні ұстауға бағытталған барлық қажетті шараларды іске асырды. Куәлардан сұрастырды. Бейнебақылау камералары тексерілді. Нәтижесінде, жетісайлық полицейлер күдіктінің ізіне түсті.
Анықталғандай, ол өткен жылы дәл осындай ұрлық жасап, сотты болған Өзбекстан елінің азаматы болып шықты. Белгілі болғандай, оңай жолмен ақша табуды әдетіне айналдырған шетелдік азамат өзінің соттылығына қарамастан, қайта ұрлық жасаған. Күдікті айналасында ешкімнің жоқтығын пайдаланып, бөтеннің мүлкін жымқырған. Қазіргі таңда күдікті қамауға алынып, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.