Түркістан облысында дәріханада трамадолды заңсыз сатқан фармацевт анықталды
Түркістан облысында дәріханада трамадолды заңсыз сатқан фармацевт анықталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Түркістан облысы аумағында Полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлерімен «Дәрмек» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілуде. Іс-шараның негізгі мақсаты – есірткі құралдарының, прекурсорлардың заңсыз айналымына тосқауыл қою, контрабандалық әкелу мен әкету, сондай-ақ бақылаудағы заттарды заңсыз айналымға шығару деректерін анықтау.
Сонымен қатар, шара кезінде полицейлер, химия-фармацевтикалық, өнеркәсіптік, медициналық мекемелердің құрамында есірткі құралдары және психотроптық заттары бар дәрі-дәрмектерін заңсыз айналымға түсіруіне жол бермеу, осындай құқық бұзушылықпен айналысатындарды анықтау бағытында қарқынды қызметтер атқаруда.
Атап айтсақ, облыс полицейлерімен «Дәрмек» жедел-профилактикалық іс-шарасының алғашқы тәулігінде төрт құқық бұзушылық анықталды. ҚР ҚК-нің 297-бабы 1-бөлігімен (Есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатында заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, тасымалдау, оларды жөнелту не өткізу) бойынша бір дерек, ҚР ҚК-нің 296-бабы 2-бөлігімен (Есірткі, психотроптық заттармен, сол тектестермен өткізу мақсатынсыз заңсыз жұмыс істеу) екі дерек анықталған. ҚР ӘҚБтК-нің 426-бабы (Фармацевтикалық қызметтің және дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың айналысы саласының қағидаларын бұзу) бойынша бір жайт анықталды.
Бұл жайт Төлеби ауданы Леңгірде орналасқан дәріханалардың бірінен айқындалды. Яғни, мұнда дәріхана сатушысы дәрігердің арнайы рұқсатынсыз сатылуға тыйым салынған трамадол психотроптық дәрісін сатқаны белгілі болды.