Түркістан облысында дүкенге ұрлыққа түскен ер адам ұсталды
Түркістан облысында дүкенге ұрлыққа түскен ер адам ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Мақтаарал АПБ-ға аудан орталығындағы орналасқан дүкен иесінен хабарлама келіп түсті. Кәсіпкер әйелдің айтуынша, оның дүкеніне белгісіз біреу терезесін бұзып кіріп, кассада тұрған 100 мың теңге ақшасы мен құны 30 мың теңгенің заттарын жымқырып кеткен.
Аталған жайт ҚР ҚК-нің 188-бабы (Ұрлық) бойынша тіркеуге алынды. Тәртіп сақшылары ұрыны анықтауға бірден іске кірісті. Полицейлер ұрлық орын алған дүкенді, оған жақын аймақтарды мұқият қарап шықты. Бейнебақылау камералары тыңғылықты тексерілді. Дүкен қызметкерлерінен, куәлардан жауап алынды. Нәтижесінде, жинақталған ақпарат көздері арқылы күдіктінің жеке басы анықталды. Ол жәбірленушінің ауылдасы болып шықты.
Белгілі болғандай, дүкенді білетін танысы ақша қажет болғандықтан, түнгі сағат 02:00 шамасында ойға алған ісін жасаған. Яғни, қолына ілінген ірі ақшаларды ұрлаған. Сондай-ақ, мақтааралдық полицейлер күдіктінің бұрын ұрлық жайтымен сотты болғанын растады.
Қазіргі таңда күдікті ер азамат қамауға алынып, оған қатысты тергеу амалдары жүргізілуде.