Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Түркістан облысында екі млн теңге айыппұлын төлемей жүрген жүргізуші анықталды

Түркістан облысында жалған нөмір тағып, екі млн теңге айыппұлын төлемей жүрген жүргізуші анықталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Түркістан облысында тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, жол ережелерін сақтау, жол-көлік апаттарын болдырмау бағытында бейнебақылау камералары орнатылып, тиісті жұмыстар жасалуда. Аталған бейнебақылау камералары Түркістан облысы Полиция департаментінің Жедел басқару орталығына қосылған.

Мұнда күні-түні қызметте отырған полицейлер орын алған қылмыстар мен құқық бұзушылықтарды анықтауда үлкен септігін тигізіп келеді. Мәселен, соңғы бір аптада Түркістан қаласы бойынша орнатылған бейнебақылау камералары арқылы мас күйде көлік басқарған төрт жүргізуші, көліктің алдыңғы терезелерін күңгірттеген жеті жүргізуші, мемлекеттік тіркеу белгісін тақпаған бір жүргізуші анықталды. Сондай-ақ, екі қылмыстың ізі суымай ашылды.

Ал жаңадан іске қосылған «Қорғау – Қауіпті жүргізуші» бағдарламасымен Жедел басқару орталығының қызметкерлері мамыр айының 19-нан бері 90-нан астам құқық бұзушылықты анықтады. Оның ішінде жалған мемлекеттік нөмір таққан бір автокөлік ұсталды.

Нақтырақ айтсақ, «Қорғау» жүйесі арқылы Жедел басқару орталығындағы қызметкерлерге Түркістан қаласы Тәуке хан даңғылы бойында екі млн теңге айыппұлын төлемей жүрген, сонымен қатар жалған мемлекеттік нөмір таққан Nexia көлігі бойынша белгі берілді. Осыған орай патрульдік полиция батальонының қызметкерлеріне тез арада хабар беріліп, аталған тәртіп сақшылары бірден автокөліктің жүрген жерін анықтады.

Осылайша полицейлер аталған көлікті Тәуке хан даңғылы мен Кенесары көшесі қиылыстарында тоқтатты, Оған қоса жүргізушінің қауіпсіздік белдігін тақпағаны анықталды. Белгілі болғандай, жас жігіт өткен жылы қазан айынан бастап осы жылдың наурыз айына дейін 67 рет әкімшілік құқық бұзушылық жасап, 2 млн 244 мың айыппұл арқалаған. Нәтижесінде, жүргізушінің заң бұзушылықтарына қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 593-бабы, 590-бабы бойынша әкімшілік хаттама толтырылды. Ал көлік айыптұраққа жеткізілді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру