Түркістан облысында екі тұрғынға өтірік уәде берген әйел құрықталды
Қазығұрттық полицейлер екі бірдей тұрғынға 2 млн теңгеге жуық шығын келтірген күдікті әйелді анықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қазығұрт ауданы ПБ-ға жергілікті екі тұрғын арызданып келген. Олардың бірінің айтуынша, сырттай танысы өзіне тұрғын үй алып беремін деп алдап, алаяқтық жолмен 680 мың теңге ақшасын алғанын көрсеткен. Ал екінші жәбірленушінің айтуынша, күдікті жұмысқа тұрғызып беретінін айтып, сендірген. Осылайша, одан 1,9 млн теңге ақша алған. Алайда күдікті қазіргі уақытқа дейін ұялы телефонын сөндіріп, жәбірленушілерден қашып жүрген.
Аталған дерек ҚК-нің 190-бабы (Алаяқтық) қылмыстық құқық бұзушылығы бойынша тіркелген.
Хабар түсісімен тәжірибелі полицейлерден құрылған жедел-тергеу тобы жергілікті тұрғындарды арбауына түсірген алаяқты ұстауға қажетті шараларды жасады. Куәлардан жауап алу барысында жинақталған ақпарат көздері арқылы күдіктінің жеке басы анықталып, ол Полиция басқармасына жеткізілді. Ұсталған әйел жергілікті тұрғын болып шықты.
Сондай-ақ қазығұрттық сақшылар алаяқтық жолмен алынған ақшаны өз қажеттілігіне жаратып жібергенін анықтады. Қазіргі таңда күдіктіге қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.