Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Түркістан облысында ер адам көшеде кетіп бара жатқан әйелді тонап кетті

Түркістан облысында ер адам көшеде кетіп бара жатқан әйелді тонап кетті, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Төлеби аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғын арызданды. Ол орталық көшелердің бірінде жаяу келе жатқан кезінде тонау қылмысының құрбаны болғанын жеткізді. Яғни, оған көше бойында белгісіз ер адам күш көрсетіп, құны 70 мың теңгелік телефонын тартып алған. Қолындағы телефонынан айырылған жәбірленуші бірден полицейлерден жәрдем сұрайды.

Хабар алысымен полицейлер аталған жайтты ҚР ҚК-нің 191-бабы (Тонау) бойынша тіркеуге алды. Оқиға орнына бірден полицияның жедел-тергеу тобы шығып, сұрастыру жұмыстарын атқарды. Жақын аймақтарды және күдіктінің басқа баруы мүмкін жерлерді түгел қарап шықты.

Тәртіп сақшыларының тәулік бойы үзіліссіз жүргізген жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде, ұрланған телефон сауда орындарының бірінде телефон алып-сатумен айналысатын дүкеннен табылды. Сатушыдан жауап алу барысында телефонды танысы өзімдікі, сатып берші деп тастап кеткені анықталды. Осылайша жедел ақпарат көздері арқылы полицейлер күдіктіні өзінің тұрғылықты мекенжайынан ұстады. Оны полиция бөліміне жеткізді.

Анықталғандай,  ұсталған ер адам әйелдің жалғыз жүргенін және физикалық әлсіздігін пайдаланып, теріс әрекет жасауды көздеген. Яғни, қас-қағым сәтте жәбірленушінің телефонын қолынан жұлып әкетіп, оқиға орнынан қашып кеткен. Сондай-ақ, күдікті бұрын ұрлық қылмыстарымен сотты болғаны анықталды. Қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру