Түркістан облысында ер адамды қағып кетіп, жасырынған жүргізуші қамауға алынды
Түркістан облысында ер адамды қағып кетіп, жасырынған жүргізуші ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Бәйдібек АПБ-ның кезекші бөліміне Екпінді ауылынан өтетін Самара-Шымкент тас жолының шетінде белгісіз ер адамның денесі жатқандығы туралы хабарлама келіп түскен. Полицейлер аталған хабарламаны тексеру барысында түнгі уақытта Самара-Шымкент бағытындағы облыстық маңызы бар тас жолының 2 208 шақырымында жолды кесіп өтпек болған ер адамды белгісіз көлік соғып кетіп, оқиға болған жерден бой тасалағанын анықтады. Апат салдарынан жаяу жүргінші оқиға орнында көз жұмған.
Аталған жайт Бәйдібек АПБ-ға ҚР ҚК-нің 345-бабы 3-бөлігімен (Көлік құралдарын жүргізуші адамдардың жол қозғалысы немесе көлік құралдарын пайдалану ережелерін бұзуы) және 347-бабы (Жол-көлік оқиғасы болған жерден кетіп қалу) бойынша СДТТБТ-ға тіркелді. Белгісіз мәйітке қатысты сот-медициналық сараптама тағайындалды. Оның Бәйдібек ауданының тұрғыны екені белгілі болды.
Тәртіп сақшылары жол апатын жасап, оқиға орнынан жасырынған жүргізушіні ұстау мақсатында барлық қажетті шараларды жүргізді. Оқиға орнын қарау барысында белгісіз автокөліктің сынған қалдықтары, тағы басқа да дәлелдемелер алынып, соның нәтижесінде адам қаққан көліктің Opel Vectra екені анықталды. Содан кейін Бәйдібек АПБ анықтаушылары аудан бойынша тіркелген Opel Vectra маркалы автокөліктердің тізімі арқылы Екпінді ауылынан өткен күмәнді көліктер бейнекамералар арқылы тексерілді. Полицейлер кезекпен-кезек үйлерді аралап, сұрастыру жұмыстарын жүргізді.
Жүйелі жұмыстардың арқасында үш тәулікке жетпей кінәлі жүргізуші тұрғылықты мекенжайы анықталып, ұсталды. Ол Сайрам ауданының тұрғыны болып шықты. Осылайша оқиға болған жерден бой тасалаған жүргізуші АПБ-ға жеткізілді. Көлігі айыптұраққа қойылып, өзі қамауға алынды. Қазіргі таңда іс сотқа жолданды.
Өз кезегінде ойда-жоқта баласынан айырылып, қан жұтып отырған ана полицейлердің атқарған жұмысына риза болып, өзінің алғысын білдірді.
– Жолдан өтпек болған баламды қағып, онымен қоймай, ізін жасырмақ болған жүргізушіні полицейлер тез арада тапты. Сол үшін де бәйдібектік полицейлерге үлкен рақмет айтамын, – деп атап ол.