Түркістан облысында есірткі қылмысының алдын алуға бағытталған ауқымды шара өтті
Түркістан облысында есірткі қылмысының алдын алуға бағытталған ауқымды шара өтті, — деп хабарлайды Polisia.kz.
Кентау қалалық полиция бөлімінің ұйымдастыруымен нашақорлық пен есірткі бизнесіне қарсы күрестің алдын алуға бағытталған ауқымды шара өтті. Шараның мақсаты – жастар арасында есірткіге деген теріс көзқарасты қалыптастыру және салауатты өмір салтын насихаттау. Аталған шара асфальтқа сурет салудан және жасөспірімдер арасындағы спорттық эстафетадан басталды.
Шарада Кентау қаласы әкімінің орынбасары Ақнұр Байболова сөз сөйлеп: “Нашақорлық – жеке адамның ғана емес, жалпы қоғамның қасіреті, сондықтан да жастардың бойына жастайынан салауатты өмір салтын сіңіру – баршамыздың міндетіміз”, – деп атап өтті. Өз кезегінде прокуратура, полиция, медицина саласының қызметкерлері мен белсенділер де сөз сөйлеп, жастарды есірткіден аулақ болуға, спортпен шұғылдануға шақырды.
Сонымен қатар Түркістан облысы полиция департаменті есірткі қылмысына қарсы күрес басқармасының қызметкерлері белсенді жастарды марапаттап, сурет байқауы мен спорттық сайысқа қатысқан жастарға диплом мен естелік сыйлықтар табыстады.
Шара соңында өнер ұжымының қолдауымен дайындалған “Нашақорлық өмірді бұзады” тақырыбында театрландырылған көрініс көрсетіліп, көрермендерге ерекше әсер қалдырды. Бұл шара нашақорлықтың зияны туралы хабардар етіп қана қоймай, жастардың салауатты және белсенді өмір салтын таңдауына жол ашты . Аталған бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады деп күтілуде.