Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Түркістан облысында есірткі сатқан мұғалім 10 жылға сотталды

Түркістан облысында есірткі сатқан мұғалім 10 жылға сотталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Бәйдібек аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғындардың бірінен Бәйдібек ауданының тұрғыны есірткінің ірі көлемін заңсыз сақтап, өткізумен айналысатыны туралы хабарлама келіп түскен. Ақпарат алысымен көрсетілген мекенжайға ТО ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы мен Бәйдібек АПБ-нан тәжірибелі тәртіп сақшылары жеткен. Полицейлер бірден жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізіп, нәтижесінде есірткі сату қылмысына қатысты күдіктіні қолға түсірген. Ол аудан мектептерінің бірінде қазақ тілі пәнінен сабақ беретін мұғалім болып шықты.
Жедел уәкілдер ұсталған адамның тұрғылықты мекенжайын тінту кезінде оның асханасындағы шкафтың үстінен 10 дана бөлек пакеттерге салынған хош иісті, жасыл түсті, есірткіге ұқсас затты тауып, тәркілеп алды. Сонымен қатар аталмыш асхананың шатырының үстінен, ақ түсті қапқа салынған есірткі затына ұқсас жасыл түсті зат тапқан. Табылған заттарға сараптама тағайындалды. Сараптама қорытындысымен күдіктіден алынған заттардың жалпы салмағы 3 келіден астам «кептірілген марихуана» болып шықты. Тергеу барысында күдікті есірткі заттарын сату үшін бөліп, пакеттерге салғанын мойындады.
Аталған жайтты полиция қызметкерлері СДТБТ-ға ҚР ҚК-нің 297-бабы (Есірткі құралдарын, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатында заңсыз дайындау, қайта өңдеу, сатып алу, сақтау, тасымалдау, жөнелту немесе өткізу) бойынша тіркеді. Күдікті қамауға алынды.
– Сотқа дейінгі тергеу амалдарын жан-жақты жүргіздік. Күдіктіден барлық айғақты заттар тәркіленді. Сатуға, сақтауға, өткізуге, қолдануға заңмен тыйым салынған затты сату қылмысын соңына жеткізу бағытында қарқынды қызмет атқардық. Жинақталған іс-құжаттарын айыптау актісімен аудандық сотқа жолдадық. Соттың үкімімен 47 жастағы күдікті ҚР ҚК-нің 297-бабымен кінәлі деп танылып, оған 10 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды, – деп атап өтті тергеуші Асқар Шубай.
Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру