Түркістан облысында есірткі сатушылардан 3,5 келіден астам марихуана тәркіленді
Түркістан облысында есірткі сатушылардан 3,5 келіден астам марихуана тәркіленді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Түркістан облысы ПД есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері Түлкібас аудандық полиция бөлімімен бірлесіп, есірткі құралдарын сақтау және өткізу фактілерінің жолын кесті.
Мәселен, жедел уәкілдер есірткі сақтады деген күдікпен Сайрам ауданының тұрғынын ұстады. Сезіктіден марихуана салынған бір полиэтилен пакет тәркіленді. Сондай-ақ ер адам есірткі затын Түлкібас ауданының тұрғынынан сатып алғанын жеткізді.
Полицейлер одан әрі жедел-іздестіру іс-шаралары барысында, есірткі сатуға қатысы бар екі күдіктіні, Түлкібас ауданының тұрғындарын ұстады. Тінту кезінде жедел уәкілдер олардан екі қағаз орамасын, екі шыны ыдысқа салынған және бір полиэтилен пакеттегі есірткіге ұқсас затты тапты.
Аталған жайт ҚР ҚК-нің 297-бабы (Есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатында заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау, жөнелту не өткізу) бойынша тіркеліп, сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізіліп жатыр.
Қорытындыға сәйкес, алынған есірткі заттары жалпы салмағы 3,5 келіден асатын кептірілген марихуана болып шықты. Қазіргі уақытта жедел-іздестіру іс-шаралары жалғасып жатыр. Күдіктілер қамауға алынды. Оқиғаның толық мән-жайы анықталып жатыр.