Түркістан облысында халықаралық іздеуде жүрген деструктивті-діни ағымның жақтаушылары ұсталды
Түркістан облысында халықаралық іздеуде жүрген деструктивті-діни ағымның жақтаушылары ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Түркістан облысы полиция департаментінің экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шаралары барысында халықаралық іздеуде жүрген екі шетелдік азаматты ұстады.
Нақтырақ айтсақ, экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының жедел уәкілдері 2021 жылдан бері халықаралық іздеуде жүрген 54 жастағы Өзбекстан азаматын Отырар ауданында ұстады. Ер адам өз елінде ұрлық бойынша ауыр қылмыс жасағаны үшін іздестірілген.
Бір тәуліктен кейін Сайрам ауданының полицейлері алаяқтық жасағаны үшін халықаралық іздеуде жүрген 33 жастағы Өзбекстанның тағы бір азаматын ұстады. Іздеуде жүрген екі қылмыскер де деструктивті-діни ағымның жақтаушылары ретінде есепте тұр. Оларға қатысты тиісті процессуалдық шешім қабылданатын болады.
Оқиғаның толық мән-жайы анықталып жатыр.
Естеріңізге сала кетейік, 11-30 қыркүйек аралығында Түркістан облысының аумағында ПД экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлерімен «Жалданушы – 2023» жедел-профилактикалық іс-шарасы өтіп жатыр.