Түркістан облысында ІІО ардагерінің атына полиция сыныбы ашылды
Түркістан облысында ІІО ардагерінің атына полиция сыныбы ашылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Ордабасы ауданында Ішкі істер органдарында көп жылдар басшылық қызмет етіп, ауыр және аса ауыр қылмыстарды ашуда ерекше қырағылығымен көзге түскен полиция подполковнигі, зейнеткер Сағынбек Сманов атындағы полиция сыныбы ашылды. Мақсат – жастар арасында қаhармандық пен ержүректілікті дәріптеу.
Ш.Уәлиханов атындағы мектеп-гимназиясы “Жас сақшы” сыныбының ашылу салтанатына аудан әкімінің орынбасары Олжас Болатханұлы, полиция департаментінің тәрбие және кадр саясаты басқармасының бастығы Мақсат Асқаров, ардагерлер кеңесінің төрағасы Оспанғазы Жанқожаев, аудандық полиция бөлімінің бастығы Ғалымжан Қуашбаев және Сағынбек Смановпен бірге қызметтес болған әріптестері мен зиялы қауым өкілдері, үзеңгілестері, туыстары қатысты.
– “Жас сақшы” полиция сыныбын құру – Ішкі істер министрлігінің жобасы. Ең алдымен жастарды патриотизмге тәрбиелеу, мамандық таңдауда көмек көрсетуге бағытталып отыр, – деп атап өтті Мақсат Асқаров.
Жиын соңында Сағынбек Пердебекұлының жұбайы Нағима Иманбекқызы полиция сыныбының ашылуына ықпал еткен азаматтарға алғысын білдіріп, жас сақшыларға сәттілік тіледі.