Түркістан облысында ІІО ардагерлері мектеп оқушыларымен кездесті
Түркістан облысында ІІО ардагерлері жастармен кездесті, - деп хабарлайды Polisia.kz.
ҚР Президенті Әкімшілігінің бастамасымен және Ішкі істер министрлігінің қолдауымен ел жастары мен аға буын арасындағы сабақтастықты нығайтуға бағытталған шаралар тұрақты түрде ұйымдастырылып келеді. Осындай тағылымды кездесулердің бірі Түркістан облысы gолиция департаментінің бастамасымен облыс орталығындағы №28 мектеп-лицейінде өтті.
"Ерлік – елге мұра, ұрпаққа – үлгі" атты бұл кездесуге өмірін құқық қорғау саласына арнап, ерлігі мен батылдығын танытқан, бүгінде абыройлы еңбек демалысына шыққан отставкадағы полиция полковниктері арнайы шақырылды. Олардың қатарында Еңбек және Ұлы Отан соғысы ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Есалы Нұржанов, ІІО Ардагерлер кеңесінің төрағасы Оспанғазы Жанқожаев, сондай-ақ Түркістан қалалық бастауыш ардагерлер ұйымының төрағасы Батырхан Сансызбаев бар.
Кездесу барысында жастардың бойында мейірімділік, жанашырлық, өзара қолдау мәдениетін қалыптастыру, қоғамға пайдасын тигізу және елге адал қызмет ету секілді маңызды құндылықтар жайында мазмұнды сұхбат өрбіді. Оқушылар құқық қорғау органдарының міндеттері, заңға бағыну мәдениеті және патриотизмді дамыту жолдары жайлы көкейлерінде жүрген сұрақтарын қойып, өмірлік тәжірибемен келген нақты жауаптар алды.
Шара барысында Түркістан облысы ІІО мен Ұлттық ұлан Ардагерлер кеңесінің төрағасы Оспанғазы Жанқожаевтың ерлік жолы баяндалған қысқаша фильм көрсетілді. Ол қылмыскерді ұстау кезінде шолақ мылтықтан ауыр жарақат алып, осы жанқиярлық әрекеті үшін "Ерлігі үшін" медалімен марапатталған.
Кездесу барысында бастауыш сынып оқушылары "Қазақ елім, байтағым" атты патриоттық әнді хормен орындап, ал "Жас сақшы" сыныбының оқушылары қонақтармен бірге Халық қаһарманы Ғазиз Байтасовтың атына ашылған кинозалда патриоттық жанрдағы бейнероликтерді тамашалады.
Тағылымды басқосу соңында мектеп ұжымы мен оқушылар қонақтарға өмірлік тәжірибелері мен құнды кеңестері үшін алғыстарын білдіріп, естелік суретке түсті. Кездесу қонақтары мен оқушылар бір-біріне сый-кәделерін тарту етіп, шара мазмұнды әрі әсерлі сәттермен қорытындыланды.