Түркістан облысында интернет-алаяқтық қылмысы азайды
Кентауда полиция мен прокуратура және әкімдік бірлесіп, білім беру ұйымдарының өкілдерімен кездесу өткізді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Кездесу барысында интернеттегі алаяқтықпен күрес, оның алдын алу мәселелері талқыланды. Қазіргі уақытта ақпараттық технологиялардың үздіксіз дамуына байланысты интернет-алаяқтық қылмысы қоғамның ең өзекті әрі маңызды мәселесіне айналып отыр. Сондықтан оның басқа қылмыстарға қарағанда басты ерекшелігі – жалпақ жұрттың бәріне қатысты жасалуында болып отыр.
Сондықтан полицейлер осындай қоғамдық кездесулерді жиі ұйымдастырып, профилактикалық шараларды көбейтуде. Мәселен, екі айда қала көлемінде жалпы 48 интернет-алаяқтық қылмысы тіркелді. Бұл әрине аз сан емес, десе де, өткен жылмен салыстырғанда 30 пайызға азайғанын көрсетеді.
Полиция қызметкерлері жиналғандарға алаяқтардың құрбанына айналмас үшін сақтық шараларына мұқият болып, қарапайым ғана ұқыптылықты ұстану керектігін ескертті.