Түркістан облысында ішкі істер органдарына 188 жасөспірім жеткізілді
Түркістан облысының полицейлері «Жасөспірім» жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында 180-нен астам құқық бұзушылықты анықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Түркістан облысы аумағында 10-12 наурыз күндері аралығында тәртіп сақшылары кәмелетке толмағандар арасындағы жасөспірімдер қылмысы мен құқық бұзушылықтардың, сондай-ақ балалардың қадағалаусыз қалу жайттарының алдын алуға, кәмелетке толмағандар мен қолайсыз отбасылармен профилактикалық жұмыстар жүргізуге бағытталған «Жасөспірім» жедел-профилактикалық іс-шарасын өткізуде. «Жасөспірім» жедел-профилактикалық іс-шарасының алғашқы тәулігінде ювеналды полиция қызметкерлері ішкі істер органдарына 188 кәмелетке толмаған бала жеткізді, оның 180-і түрлі әкімшілік құқық бұзушылық жасағандар.
Мәселен, ҚР ӘҚБтК-нің 127-бабын бұзғаны үшін (Кәмелетке толмаған баланы тәрбиелеу және (немесе) білім беру, оның құқықтары мен мүдделерін қорғау жөніндегі міндеттерді орындамау) бойынша 10 ата-ана әкімшілікшара көрілді. Кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз ойын-сауық мекемелерінде болуына жол бергені үшін мекеменің 11 иесі жауапкершілікке тартылды. ҚР ӘҚБтК-нің 200, 423-1-баптары бойынша 21 жасқа толмаған тұлғаларға алкогольдік ішімдіктер мен темекі өнімдерін сатудың 9 дерегі анықталды. Бір жасөспірімнің ата-анасы кәмелетке толмағанның қоғамдық орындарға мас күйінде келгені және алкоголь ішкені үшін жауапкершілікке тартылды.
Бұдан басқа, ұсақ бұзақылықтың төрт жайты, сондай-ақ кәмелетке толмағандардың заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз түнгі уақытта ойын-сауық мекемелерінде болуының 28 жағдайы және жасөспірімдердің үйден тыс жерде түнгі уақытта жүруінің 118 жайты анықталды. Тәртіп сақшылары ішкі істер органдары есебіне 38 кәмелетке толмаған баланы, оның ішінде құқық бұзушылыққа бейім 23 жасөспірімді және 15 қолайсыз отбасын қойды. Олармен қайталама құқық бұзушылықтарды болдырмау үшін профилактикалық әңгімелесулер жүргізілді. Кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу және ескерту мақсатында, оқу орындарында ювеналды полиция қызметкерлерімен тақырыптық дәрістер мен түсіндіру жұмыстары жалғасуда.