Түркістан облысында көлігіне заңсыз жарықшамдар орнатқан жүргізушілер іздестірілуде
Түркістан облысында көлігіне заңсыз жарықшамдар орнатып, мемлекеттік нөмірсіз жүрген жүргізушілер іздестірілуде, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Түркістандық сақшылар Instagram әлеуметтік желісіндегі парақшалардың бірінен бірқатар көліктердің арнайы жарықшамдарды заңсыз орнатып, қосып алғаны, жол қозғалысы ережелерін бұзғаны, мемлекеттік нөмірсіз жүргені туралы бейнежазбаны анықтады. Алынған ақпарат бойынша шұғыл іздеуге кіріскен полицейлер, оқиғаның Сайрам ауданында болғанын білді. Ал сайрамдық сақшылар аталмыш бейнежазбаның осыдан бір ай алдын түсірілгенін анықтады.
Бейнероликтегі жол жүру ережелерін бұзған сегіз көлікті тез арада анықтап, жауапқа тарту мақсатында жан-жақты тексеру амалдары жүргізілді. Нәтижесінде осы бейнежазбадағы құқық бұзушының бірі, «Daewoo Nexia» маркалы автокөлігі анықталып, жүргізушісі ұсталды. Ол жергілікті тұрғын, жас жігіт болып шықты. Жол қозғалысы ережесін өрескел бұзған жігітке қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 595-бабының 1-бөлігімен (Маневр жасау қағидаларын бұзу) әкімшілік хаттама толтырылды. Өз кезегінде жүргізуші кінәсін толық мойындап, жасаған әрекеттері үшін өкініп, алдағы уақытта мұндай бассыздықтарға жол бермейтінін жеткізді.
Қазіргі таңда бейнежазбадағы мемлекеттік белгілерін тақпай жол жүру ережелерін бұзған автокөліктерді анықтау мақсатында іздестіру жұмыстары Сайрам АПБ-мен жүргізілуде.
Түркістан облысының полицейлері автокөлік иелерін жол қозғалысы ережелерін сақтауға шақырады. Жол қозғалысы ережелерін бұзудың соңы жүргізуші куәлігінен айырылуға, әкімшілік қамауға немесе қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғады. Сондықтан жолда жүргенде ережеге бағынып, қауіпсіздікті сақтауларыңызды сұранамыз!