Түркістан облысында көлікпен досын сүйреген жүргізуші жауапқа тартылды
Түркістан облысында көлікпен досын сүйреген жүргізуші жауапқа тартылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Түркістан облысының патрульдік полиция инспекторлары жол апаттарының алдын алу мен болдырмаумен қатар, әлеуметтік желілерге мониторинг жүргізуді күн тәртібінен түсірген емес. Осы бағытта жүргізілген кезекті қызмет барысында Instagram парақшалардың бірінде бір топ жігіттердің теріс қылықтары анықталды. Яғни ВАЗ-2114 Ресей автокөлігімен белгісіз жігітті сүйреген достар арасында қандай да бір ойын ұйымдастырылып, оны бейнежазбаға түсірген. Орын алған құқық бұзушылықты жасаған, авариялық жағдай туғызып, сондай-ақ жолаушы тасымалдау қағидасын бұзған жүргізушіні табу мақсатында тәртіп сақшылары бірден іске кірісіп, жан-жақты тексеру жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде оқиға Түркістан қаласындағы көшелердің бірінде орын алғаны айқындалды.
Жол қозғалысы ережесін өрескел бұзған жігітке қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 593-бабы 1-бөлігі (Жолаушылар мен жүктерді тасымалдау, жол жүрісі қағидаларында көзделген қауіпсіздік белдіктерін немесе мотошлемдерді пайдалану жөніндегі талаптарды сақтамау) және 606-баптың 1-бөлігі (Жол жүрiсiне қатысушының жол жүрiсi қағидаларын авариялық жағдай туғызуға әкеп соққан бұзушылығы) бойынша хаттама түзілді.
Өз кезегінде жігіттер жасаған әрекеттері үшін өкініп, алдағы уақытта мұндай бассыздықтарға жол бермейтінін жеткізді. Белгілі болғандай, жүргізуші түркістандық болса, жанындағы достары Тараз қаласының тұрғындары.
Түркістан облысының полицейлері автокөлік иелерін жол қозғалысы ережелерін сақтауға шақырады. Жол қозғалысы ережелерін бұзудың соңы, жүргізушілер мен жолаушылардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіруі мүмкін. Сондықтан жолда жүргенде ережеге бағынып, қауіпсіздікті сақтауларыңызды сұранамыз. Осы орайда кейбір жүгенсіз жастарға ешбір мән-маңызы жоқ ойындарды жасамауға кеңес береміз.