Түркістан облысында көліктердің қысқы маусымға дайындығы тексерілуде
Түркістан облысында көліктердің қысқы маусымға дайындығы тексерілуде, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету, жол-көлік оқиғаларын болдырмау, жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзу деректерінің алдын алу мақсатында Сайрам ауданында кезекті рейд өткізілді. Аталған іс-шара барысында тұрғындарға жол ережелерін қатаң түрде сақтау ескертпесі жасалды.
Сонымен қатар автокөлік дөңгелектерін қысқы маусымға сай етіп ауысуын тексеріп, оларға түсіндірме жұмыстарын жүргізді.
Осы тұста Сайрам аудандық Полиция басқармасының орынбасары Ботабеков Сапарғали:
– Аудан көлемінде кезекті іс-шарамызды өткізудеміз. Осы шара аясында біз Сайрам ауданы Ақсукент ауылында кезекті рейдімізді жүргізудеміз. Мұндағы мақсатымыз – жол ережелерін сақтау және қыс мезгілінің келуіне орай автокөліктердің дөңгелектерінің ауысып, ауыспағанына баса назар аударудамыз. Сондай-ақ мас халде көлік басқарғандар мен қарсы бағытқа шығып кететін жүргізушілерде назарымызда, – деп алдағы уақытта аталған іс-шараның өз жалғасын табатынын айтып өтті.
Қоғам тыныштығын күзету, жол-көлік оқиғаларының алдын алу – қиын әрі күрделі іс. Бұл ретте жол полициясының атқарып жатқан жұмысы толымды. Тәртіп сақшылары күндіз-түні тұрғындардың қауіпсіздігі үшін қолдан келгеннің бәрін жасап, тиісті шаралар қабылдауда. Бастысы жол үстіндегі жауапкершілікті жаяу жүргіншіден бастап, темір тұлпар басқарған әр жүргізуші сақтауы тиіс.