Түркістан облысында көлікті мемлекеттік нөмірсіз басқарған жүргізушілер анықталды
Жол қозғалысы қауіпсіздігін қадағалау аясында Түркістан облысы ПД жедел басқару орталығының қызметкерлері бейнебақылау камералары арқылы көлік құралын мемлекеттік нөмірсіз басқарған жүргізушілерді анықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Бейнекамералардың көмегімен ЖБО операторлары Түркістан қаласының орталық көшелерінің бірінде мемлекеттік нөмірсіз жүрген Toyota Camry автокөлігін байқап, дереу полиция нарядын бағыттады. Белгілі болғандай, көлікті Түркістан қаласының әйел тұрғыны басқарған. Тәртіп сақшылары ҚР ӘҚБтК-нің 590-бабы 2-бөлігі бойынша әкімшілік хаттама толтырып, автокөлікті айыптұраққа қойды.
Сол күні облыс орталығындағы қиылыстардың бірінде полицейлер бейнебақылау камералары арқылы жол қозғалысы ережелерін бұзған тағы бір жүргізушіні анықтады. BMW жүргізушісі ҚР ӘҚБтК-нің 2-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Полицейлер атап өткендей, ЖБО бейнебақылау камералары – қылмыс пен құқық бұзушылықтардың алдын алуға, жедел ден қоюға, көшелер мен адамдар көп жиналатын орындардағы қоғамдық тәртіпті бақылауға, сондай-ақ жол қозғалысы ережелерін бұзу фактілерінің жолын кесуге мүмкіндік береді. Тәртіп сақшылары азаматтарды жол қозғалысы ережелерін сақтауға шақырады.