Түркістан облысында көршісінің тұрмыстық заттарын ұрлаған жігіт ұсталды
Түркістан облысы полицейлері көршісінің тұрмыстық заттарын ұрлаған жігітті ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Төлеби АПБ-ға жергілікті тұрғын арызданады. Жәбірленуші әйелдің айтуынша, ол үйінен жұмыстарымен шығып, 10 күннен соң үйіне келгенінде «Sony» теледидары мен тоңазытқышын және кір жуғыш машинасының жоқ екенін байқаған. Содан полицейлерге шағымданып, ұрыны ұстауға көмектесуін сұраған. Жәбірленушіге келтірілген шығын көлемі 450 мыңға жуық теңгені құрады.
Орын алған ұрлық қылмысын ашу мақсатында ауданның тәжірибелі полицейлерінен жедел-тергеу тобы құрылды. Жедел уәкілдер жақын аймақтарды аралап, бейнебақылау камераларын тексеріп, куәгерлерден жауап алды. Нәтижесінде тәртіп сақшылары жәбірленушінің тұрмыстық заттарын ұрлаған өзінің көршісі екенін анықтады. Күдікті АПБ-не жеткізілді.
Аталған жайт ҚР ҚК-нің 188-бабы (Ұрлық) бойынша тіркеліп, СДТБТ-ға енгізілді.
Тергеу барысында күдікті жігіт көршісінің үйінде жоқ екенін алдын ала біліп, ашық тұрған терезесі арқылы кіргенін айтты. Содан ұрланған заттарды төмен бағаға сатып жібергенін, ақшасын өз қажеттілігіне жаратқанын мойындады. Қазіргі таңда күдіктіге қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.