Түркістан облысында көршісінің үйіне ұрлыққа түспек болған жігіт қолға түсті
Түркістан облысында көршісінің үйіне ұрлыққа түспек болған жігіт қолға түсті, – деп хабарлайды Polisia.kz
Созақ аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғын арызданды. Ер адамның айтуынша, сағат 04:30 шамасында оның үйіне белгісіз біреу ұрлыққа түспек болғанын, алайда үй иесін көрген ұры ойға алғанын жүзеге асыра алмай, қашып кеткенін жеткізді.
Аталған жайтты полиция қызметкерлері ҚР ҚК-нің 188-бабы (Ұрлық) бойынша тіркеуге алды.
Хабарлама келіп түскен бойда тәжірибелі тәртіп сақшылар оқиға орнына келді. Полицейлер тұрғын үйден айғақты зат ретінде аяқ киім тапты. Сақшылар үйге ұрлыққа түспек болған адамды анықтау үшін қажетті шараларды жүзеге асырды. Көрген-білгендерден сұрастырып, жедел-іздестіру шараларын атқарды.
Полицейлердің тиянақты жұмыстарының арқасында осы қылмысқа қатысы бар жас жігіт ұсталды. Ол арызданушының көршісі болып шықты. Күдікті тұрғындардың ұйықтап жатқан уақытында үйге терезеден кірген. Ол өзіне қажетті заттарды ұрламақ болған, алайда тұрғындардың ұйқыдан оянғанын байқап, оқиға орнынан бой тасалаған. Қазіргі таңда ұсталған күдіктіге қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.