Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Түркістан облысында мал ұрлаумен айналысқан екеу қамауға алынды

Түркістан облысында жайылымнан мал ұрлаумен айналысқан екеу қамауға алынды, – деп хабарлайды Polisia.kz

Төлеби ауданы полиция бөліміне жергілікті тұрғын арызданып, түнгі уақытта жайылымда жүрген бір биесі мен құлынын белгісіз біреулер ұрлап кеткенін жеткізді. Жәбірленушіге келтірілген шығын көлемі бір млн теңгені құрады. Аталған жайт ҚР ҚК-нің 188-1-бабы (Мал ұрлығы)  бойынша тіркеуге алынды.Ақпарат алысымен мал ұрыларын ұстау мақсатында жедел-тергеу тобы оқиға орнына шықты. Куәлардан жауап алынып, іздестіру жұмыстары жүргізілді. Осындай жедел әрекеттің нәтижесінде полицейлер күдіктінің ізіне түсіп ұстады.

Полиция бөліміне жеткізілген екеу Сайрам ауданының тұрғындары болып шықты. Анықталғандай, күдіктілер түнгі уақытта жайылымда қараусыз жүрген бие мен құлынды айдап әкеткен. Содан оңай жолмен келген олжаларын арзан бағада сатып жіберген. Тергеу кезінде күдіктілердің бұдан бөлек мал ұрлығының үш жайтына қатысы бары анықталды. Онда мал ұрылары үш сиыр мен бір жылқыны жымқырған. Жәбірленушілерге келтірілген шығын көлемі екі млн теңгеден асады. Ұрланған малдарды сатып, ақшаларын өз қажеттіліктеріне жұмсаған. Қазіргі таңда күдіктілер қамауға алынып, оларға қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру