Түркістан облысында мас трактор жүргізушісі 7 жылға көлік басқару құқығынан айырылды
Түркістан облысында мас халде трактор тізгіндеген жүргізуші жеті жылға көлік басқару құқығынан айырылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Түркістан облысының полиция қызметкерлері қоғамдық тәртіпті сақтау және жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында қарқынды жүргізіп келеді. Мысалы полицейлерге кезекті жұмыс күнінде Бәйдібек ауданы Ақбастау ауылына қарасты көшелердің бірінде жол жүру ережесін өрескел бұзып, ЖШС-ның біріне тиесілі газ есептеу жәшігін соғып, материалдық шығын келтірген МТЗ-80 тракторы жайлы хабарлама келіп түседі. Ақпарат алысымен оқиға орнына жеткен полицейлер, трактор жүргізушісінің құжаттарын тексереді. Осы сәтте жүргізушінің спирттік ішімдік ішіп алғанына күмән туады. Осыған байланысты тәртіп сақшылары медициналық сараптама тағайындап, қорытындысына сәйкес оның «орта дәрежелі» масаң күйде көлік басқарғанын анықтайды.
Полиция қызметкерлері орын алған оқиғаны ҚР ӘҚБтК-нің 608-бабы 3-бөлігімен (Жүргізушінің көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйде басқаруы, сол сияқты көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның басқаруына беру) тіркеуге алды. Іс бойынша жинақталған құжаттар сотқа жолданды. Нәтижесінде 46 жастағы трактор жүргізушісі ҚР ӘҚБтК-нің 608-бабы бойынша кінәлі деп танылып, 20 тәулікке әкімшілік қамауға алынып, жеті жыл мерзімге көлік басқару құқығынан айырылды.