Түркістан облысында мас жүргізуші полицейлерден қашпақ болды
Түркістан облысында мас жүргізуші полицейлерден қашпақ болды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Ордабасылық патрульдік полиция қызметкерлері түнгі сағат 3:00 шамасында аудан көшелерінің бірінен жүрісі күдік тудырған UAZ PATRIOT автокөлігін байқады.
Полиция көліктің соңынан жүріп, оған тоқтау қажеттігін хабарлаған. Жүргізуші болса тәртіп сақшыларына құлақ аспай жылдамдықты асырып, қаша жөнелген. Алайда полицейлер қауіп тудырған көлік тізгіндеушіні қуып жүріп, қолға түсірді. 40 жастағы спирттік ішімдік ішіп алған жүргізуші тәртіп сақшыларына бағынбай, теріс әрекеттер көрсетті.
Медициналық сараптама ер азаматтың ауыр дәрежелі мас халде болғанын растады. Анықталғандай, жүргізушісі бұған дейін ішімдік ішіп, заң бұзғаны үшін сотпен 7 жылға жүргізуші куәлігінен айырылған.
Қазіргі таңда ер адам қамауға алынып, сотқа дейінгі тергеп тексеру амалдары жүргізіліп жатыр.