Түркістан облысында мас жүргізушілер анықталды
Түркістан облысының полицейлері бірнеше қылмысты ашты, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Түркістан облысында полицейлер жол-көлік апаттарының алдын алу мен жолда жүру ережелерін өрескел бұзушыларды анықтау мақсатында, тұрақты түрде рейдтік шаралар өткізіп тұрады. Осындай кезекті жұмыс күнінде Отырар АПБ-нің полицейлері көлігін құжатсыз басқарып жүрген болуы мүмкін деген күдікпен, Мыңшұқыр елдімекеніндегі көшелердің бірінен күмәнді көлікті тоқтатады.
Тәртіп сақшыларының болжамы дәл келіп, тексеру барысында жүргізуші өткен жылы ішімдік ішіп көлік тізгендегені үшін көлікті басқару құқығынан айырылғаны белгілі болды. Алайда жүргізуші жіберген қателігінен сабақ алмастан, масаң күйде рульге қайта отырғаны анықталды. Арнайы жүргізілген медициналық зерттеудің қорытындысына сәйкес, көлік тізгіндеушінің орта дәрежелі мас екені расталды.
Аталған жайт сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне енгізіліп, ҚР ҚК-нің 346-бабы (Көлік құралдарын басқару құқығынан айырылған, алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның көлік құралын басқаруы, сол сияқты көлік құралын осындай адамның басқаруына беру немесе көлік құралын осындай адамның басқаруына жол беру) бойынша тіркелді.
Сондай-ақ жүргізушінің көлігін айыптұраққа қою кезінде, оның көлігінен 140 литр дизель майы алынады. Нәтижесінде күдікті аталған сұйық отынды өзінің жұмыс орнынан ұрлағаны белгілі болды. Тексеру кезінде күдікті ер адам жұмысынан яғни, тұрғын үйлерге жылу беретін мекемеден бірнеше рет ұрлық жасап, жалпы 260 литр сұйық отынды жымқырғаны болып шықты. Аталған жайт ҚР ҚК-нің 188-бабы (Ұрлық) бойынша тіркеуге алынды. Қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Осылайша полицейлердің қырағылығы арқасында ұрлық қылмысы ашылып, мас халде көлік басқарушының салдарынан орын алуы мүмкін жол-көлік оқиғасының жолы кесілді.
Өз кезегінде Түркістан облысының полицейлері азаматтарға ескертеді. Кез келген қылмыстың өтеуі – жаза. Сондықтан ұрлық-қарлық жасаудан аулақ болыңыз. Одан бөлек, ішімдік ішіп көлік басқармаңыз. Жол қозғалысы ережелерін сақтаңыз.