Түркістан облысында «Мигрант» іс-шарасы жалғасуда
Түркістан облысында «Мигрант» іс-шарасы жалғасуда, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қазақстан Республикасының ІІМ және Түркістан облысы ПД нұсқауына сәйкес осы жылдың ақпан айының 1-5 аралығында «Мигрант» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілуде. Шараның негізгі мақсаты – облыс аумағындағы шетелдіктерді тиісті құқық тәртібімен қамтамасыз ету, заңсыз келген және осында тұрып жатқан шетелдіктерді, оған қоса заңсыз көші-қон арналары мен оларды ұйымдастырушыларды анықтау болып табылады.
Осындай мақсатта аталған іс-шара Келес ауданында да жалғасуда. Шара барысында ҚР ӘҚБтК-нің 517-бабы (Шетелдiктiң немесе азаматтығы жоқ адамның Қазақстан Республикасының халықтың көші-қоны саласындағы заңнамасын бұзуы) бойынша екі шетел азаматына әкімшілік хаттама толтырылды. ҚР ӘҚБтК-нің 518-бабымен (Шетелдiктерді және азаматтығы жоқ адамдарды қабылдайтын жеке немесе заңды тұлғалардың Қазақстан Республикасының халықтың көші-қоны саласындағы заңнамасын бұзуы) 20 ҚР азаматына әкімшілік хаттама толтырылып, ескерту жасалды. Сонымен қатар ҚР ӘҚБтК-нің 492-бабы (Қазақстан Республикасында тiркеусiз не жеке басты куәландыратын құжаттарсыз тұру) бойынша екі ҚР азаматына және бір азаматтығы жоқ тұрғынға әкімшілік хаттама түзілді.
Сондай-ақ Келес ауданы бойынша тәртіп сақшылары барлық ауыл әкімдігіне қарасты елді-мекендердегі 80 тұрғынжайды аралап, 40 азаматтың төлқұжаты тексеруден өткізілді. Полиция қызметкерлері Жеке басын куәландыратын құжатсыз жүрген азаматтарға көмек көрсету акциясы бойынша бес азаматты анықтап, құжаттандыру жұмыстарын жүргізуде.
Өз кезегінде, Түркістан облысының полиция қызметкерлері аталған іс-шарада тек құқық бұзушылықты анықтап қоймай, шетел азаматтары және жұмыс берушілермен профилактикалық түсіндіру жұмыстарын жүргізеді, көші-қон қызметі туралы заңдылықтарды сақтау бойынша ескертеді.