Түркістан облысында Opel Vectra жүргізушісі қамауға алынды
Түркістан облысында «Қауіпсіз жол» іс-шарасы барысында 200-ге жуық құқық бұзушылық анықталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Ағымдағы жылдың мамыр айының 17 мен маусым айының 16 күндері аралығында республика көлемінде «Қауіпсіз жол» іс-шарасы өткізілуде. Аудан аумағының автожолдарында қалыптасқан жедел жағдайды жақсарту, жүргізушілер арасында көлік тәртібін арттыру және жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында ұйымдастырылған шарада, Арыс АПБ-ның полицейлерімен тұрақты түрде іс-шаралар өткізілуде.
Яғни, «Қауіпсіз жол» жедел-профилактикалық іс-шара барысында 200-ге жуық әкімшілік құқық бұзушылық анықталды. Оның ішінде ҚР ӘҚБтК-нің 615-бабы (Жаяу жүргiншiлердiң және жол жүрісіне өзге де қатысушылардың жол жүрісі қағидаларын бұзуы) бойынша – 75 дерек, 593-бабымен (Жол жүрiсi қағидаларында көзделген жолаушыларды және жүктердi тасымалдау, қауiпсiздiк белдіктерiн немесе мотошлемдердi пайдалану жөніндегі талаптарды сақтамау) – 106 жайт, 590-бабы (Көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын бұзу) бойынша – 12 дерек, 595-бабымен (Маневр жасау қағидаларын бұзу) бес жайт тіркеліп, әкімшілік хаттама түзілді.
Мысалы, тәртіп сақшылары Арыс қаласы Отырар мөлтек ауданындағы көшелердің бірінде жарық шамын жақпай келе жатқан Opel Vectra автокөлігін тоқтатады. Тексеру барысында полиция қызметкерлері жүргізушінің масаң күйде болуынан күдіктенді. Содан соң оны медициналық сараптамадан өткізіп, нәтижесінде жеңіл дәрежелі масаң күйде екені анықталды. Қазіргі таңда аталған жайтқа байланысты ҚР ӘҚБтК-нің 608-бабы (Жүргізушінің көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйде басқаруы, сол сияқты көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның басқаруына беру) бойынша жинақталған іс-құжаттар сотқа жолданды. Өз кезегінде сот жүргізушіні көзделген құқықбұзушылықты жасағаны үшін 20 тәулікке қамауға алу туралы үкім етті. Сонымен қатар автокөлігі айыптұраққа қойылды.
Түркістан облысының полицейлері, жүргізушілер мен жаяу жүргіншілерге, жолаушыларға ережелерді қатаң сақтап, жылдамдық режимін бұзбауға және қарсы қозғалыс жолағына шықпауға шақырады. Жол қозғалысы ережелерін бұзудың соңы орны толмас өкінішке әкелуі мүмкін екенін ұмытпаңыз. Жол қателікті кешірмейді!