Түркістан облысында пәтер ұрысы қамауға алынды
Түркістан облысында пәтерлерді тонап, 5 млн теңге шығын келтірген ер адам қамауға алынды, – деп хабарлайды Polisia.kz
Төлебилік полиция бөліміне тұрғындардың бірі арызданды. Оның айтуынша, белгісіз біреу түнде үйіне терезеден кіріп, ақша мен алтын бұйымдарын ұрлап кеткен. Ұрлықты ашу мақсатында тәжірибелі полиция қызметкерлерінен жедел-тергеу тобы құрылды. Жедел уәкілдер қажетті іс-шаралар кешенін жүргізіп, жақын маңдағы аумақтарды аралап, куәлардан сұрастырды, сондай-ақ бейнебақылау камераларын тексерді.
Жедел-іздестіру іс-шарасы нәтижесінде полицейлер күдікті ретінде жергілікті тұрғынды ұстады. Ол бұрын сотты болған ер адам. Күдікті кезекпен діттеген төрт үйге ұрлыққа түсіп, жәбірленушілерге 5 миллион теңге көлемінде шығын келтірген.
Қазіргі уақытта ҚР ҚК-нің 188-бабының 3-бөлігі (Ұрлық) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
Ұры жәбірленушілердің үйінен жымқырған алтын бұйымдар мен ақшаның бір бөлігін өз қажеттілігіне жұмсап, қалғанын сатып жіберген. Айғақты зат ретінде күдікті ер азаматтан ұрланған теледидар алынды. Күдікті қамауға алынды.