Түркістан облысында полицей жоғалған жас жігітті тауып, анасымен қауыштырды
Түркістан облысында учаскелік полиция инспекторы жоғалған жас жігітті тауып, анасымен қауыштырды, – деп хабарлайды Polisia.kz
25 қыркүйекте таңғы сағат 10:30 шамасында учаскелік полиция инспекторы Бейбіт Әбдіге жергілікті тұрғын хабарласқан. Ер адам өз хабарламасында егістік аумағындағы арық жағасында белгісіз ер адамның жатқаны туралы жеткізген. Шұғыл хабарламаны алған полицей уақыт жоғалтпастан бірден көрсетілген мекенжайға жетеді. Келгенінде белгісіз жас жігіттің жағдайы нашар күйде жатқанын көреді. Полицей бірден ер адамға ас-суын беріп, кім екенін, қайдан келгенін сұрастырады.
Алайда ол нақты жауап бермейді. Содан полицей жедел жәрдем шақырып, ауруханаға бірге барады. Тәртіп сақшысы айдаладан табылған тұрғынның жеке басын, жақындарын анықтауға кіріседі. Бірнеше сағатқа созылған жедел-іздестіру шарасы нәтижесінде Бейбіт Әбді ер азаматтың Шымкент қаласының тұрғыны екенін көреді.
Яғни, жоғалған жандарды іздестіретін әлеуметтік желідегі парақшаның бірінен ауруханаға жеткізілген адамға іздеу жарияланғанын анықтайды. Сонда көрсетілген нөмірлер арқылы жас жігіттің туыстарын тауып, отбасымен қауыштырады.
Облыс тұрғыны денсаулығында кінәраты бар ұлын тауып берген полицейлерге алғысын білдірді.
– Балам 12 қыркүйек күні үйден шығып кетіп, қайта оралмады. 13-і Шымкент полициясына арыздандық. Өзімізде іздестіре бердік. Алайда іздестіруіміз сәтсіз аяқталды. Осы аралықта полицей Бейбіт хабарласып, баламды тауып алғанын айтты. Қуанышты жаңалықты алған бойда Сайрамға келдік. Міне, көріп тұрғандарыңыздай, ұлыммен аман-есен қауышып отырмын. Осы тұста жанашырлық танытып, ұлыммен табыстырған полицейге рақмет айтамын! Алла разы болсын, – деп шынайы ризашылығын жеткізді.