Түркістан облысында полицейлер алма бағындағы өрттің алдын алды
Түркістан облысында полицейлер алма бағындағы өрттің алдын алды, — деп хабарлайды Polisia.kz.
Түркістан облысы Төлеби ауданы Екпінді ауылындағы алма бақта өрт шығып, 1 гектар аумақтың 60 гектарын қамтыды. Аудандық полиция бөлімінің учаскелік полиция инспекторлары Бауыржан Ерментай мен Ақжан Жұмаділ және полиция аға лейтенанты Бөгенбай Өмірсеріков қауіпті жағдайды бірінші болып байқап, дереу әрекет етті.
Қызмет көрсетілетін аумақты күнделікті аралау кезінде полиция қызметкерлері алма бағының үстіндегі түтінді байқап, дереу өрт сөндіру бөліміне хабарлап, әріптестерін көмекке шақырды. Өрт сөндірушілер келгенге дейін учаскелік инспекторлар өміріне қауіп төнгеніне қарамастан өртті өз бетінше сөндіру туралы шешім қабылдап, қызыл жалынмен күресті бастап кетті. Жедел қабылданған шешім мен келісілген іс-қимылдардың арқасында өрттің кеңінен таралуына жол берілмеді.
Келген өрт сөндірушілермен бірге өрт толығымен оқшауланды және ауыл тұрғындары мен бақша иелеріне ешқандай зиян келтірілмеді.
Қырағылық пен кәсіби шеберлік танытқан учаскелік инспекторлар Бауыржан Ерментай мен Ақжан Жұмаділ – бүгінгі күннің батырлары. Олардың бұл әрекеті полиция қызметінің қоғам қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі маңызды рөлін тағы бір мәрте дәлелдеді.
Қазіргі уақытта өрттің шығу себебі анықталуда. Аталған факті бойынша тиісті тексеру амалдары жүргізілуде.