Түркістан облысында полицейлер алматылықтың ұрланған көлігін тауып берді
Түркістан облысында полицейлер алматылықтың ұрланған көлігін тауып берді, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Түркістан облысының полицейлеріне Алматы қаласында іздеуде жүрген Lixiang L9 автокөлігі бойынша бағыттама берілді. Онда өзгенің көлігін заңсыз иемденіп, мініп кеткен жүргізуші Түркістан облысында жүруі мүмкін екені көрсетілген.
Берілген бағыттама бойынша жұмыс жасаған Түркістан облысы ПД жедел басқару орталығының қызметкерлері көліктің Сайрам ауданы аумағында жүріп өткенін анықтады. Кезекші полицей бірден сайрамдық тәртіп сақшыларына хабар берді. Полицейлер "Қорғау бағдарламасы арқылы көліктің бағытымен жүріп, жедел-іздестіру жұмыстарын атқарды. Шұғыл түрде әрекет еткен полицейлер, аталған автокөліктің жүрген жерін анықтап, тоқтатты. Автокөлік полицияға жеткізіліп, қарап тексеру жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде қылмыстық іске қатысы бар көлік, Жетісу АПБ-ға табысталды.
Өз кезегінде көлік иесі: "Көлігімді өзге біреу айдап кетіп, қиын жағдайға тап болдым. Көлігім туралы барлық ақпараттарды жинақтап, полицейлерге ұсындым. Олар бірден жедел шараларды қарастырып, камера арқылы көлігімді тауып берді. Алғысым шексіз. Әсіресе Түркістан облысының полицейлеріне шынайы ризашылығымды білдіремін. Осындай халыққа жақын, әрқашан қорған болатын қызметкерлер көбейе берсін, - деп алғысын жеткізді.
Полиция азаматтарды әрдайым өзінің мал-мүлкіне сақ болуға шақырады.