Түркістан облысында полицейлер донорлық қан тапсыру акциясын қолдады
Түркістан облысында полицейлер донорлық қан тапсыру акциясын қолдады, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Дүниежүзілік донор күніне орай Түркістан облысы полиция департаментінің қызметкерлері жылдағы дәстүрге сай акцияға қолдау білдіріп, Түркістан қаласындағы Қан орталығының филиалында қан тапсырды.
Полицейлер қоғамдық тәртіп пен тыныштықты қамтамасыз етумен қатар, осындай шараларға белсенді қатысады.
Күн сайын жазатайым оқиғалар мен жол апаттары салдарынан зардап шеккендерге, күрделі операциялар кезінде және ауыр науқастар үшін қан қажет екенін жақсы түсінетін Түркістан полицейлері донорлықтың маңыздылығын және оның қоғамдағы адамгершілік миссиясын атап өтті.
Қан тапсырар алдында тәртіп сақшылары қажетті құжаттарды толтырып, міндетті тексеруден өтіп, қан қысымын өлшеді. Содан кейін 450 миллилитр қан тапсырды. Биылғы жылы бастамаға 50-ден астам полиция қызметкері қосылды.
Өз кезегінде медицина қызметкерлері полицейлерге қан құюға мұқтаж пациенттердің өмірін сақтап қалуға қосқан үлестері үшін алғыстарын білдіріп, мұндай акциялар шынымен де өмірді сақтап қалуға көмектесетінін атап өтті.